Павлодар облысында 18 миллион теңге грант қаражатын қайтару міндеттелді
Мемлекеттік грант қаражатын мақсатсыз пайдалану деректерін Ертіс ауданының прокурорлары анықтаған. Айта кетейік, мұндай қаражат ауыл шаруашылығы, өндіріс, қызмет көрсету және басқа да салаларда бизнес-жобаларын жүзеге асыруды жоспарлаған бастаушы кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде беріледі.
- Грант алған 14 азамат өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындамаған. Ұсынылған бизнес-жобалар мүлдем жүзеге асырылмаған немесе ішінара ғана орындалған. Ал бөлінген қаражаттың кейбір бөлігі жеке және тұтынушылық қажеттіліктерге жұмсалған. Сонымен қатар, грант қаражатының жұмсалуы туралы есептер жобалардың нақты іске асырылғанын және жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілгенін растамаған, – деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.
Қабылданған шаралар нәтижесінде 18 миллион теңге бюджетке қайтарылды. Прокуратураның үш талап-арызы бойынша сот шешімімен талаптар қанағаттандырылса, тағы 11 іс бойынша қаражатты қайтаруды көздейтін медиациялық келісімдер жасалған.

