Павлодар облысында автомеханик жөндеуге қалдырып кеткен көлікті аударып алған
Ауыл тұрғыны көлігіндегі ақауды жою үшін темір тұлпарын шеберге сеніп тапсырған. Алайда шаруасын бітірген маман өзгенің мүлкін жеке қажетіне пайдалануды жөн көріпті. Полиция анықтағандай, ер адам рөлге ішімдікке сылқия тойып әрі жүргізуші куәлігінсіз отырған. Салдарынан ол рульге ие бола алмай, көлік жол жиегіне аударылып кеткен.
Оқиғадан кейін көлік иесі Ертіс аудандық полиция бөліміне шағымданған. Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, көлікті ұрлау мақсатынсыз заңсыз иемдену дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұған қоса, көлікті мас күйде жүргізген шебер сот шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Павлодар облысы ПД бейнесі

