• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодар облысында балық аулайтын тор үшін ер адамға 86,5 мың теңге айыппұл салынды

Павлодар облысында балық аулайтын тор үшін ер адамға 86,5 мың теңге айыппұл салынды

Железин аудандық сотының мәліметінше, ер адам Ертіс өзені бойында тыйым салынған ау құралымен ұсталған. Бұл әкімшілік хаттама толтыруға негіз болған, деп хабарлайды irbistv.kz.

Іс сотта «Балық аулау ережелерін бұзу» бабы бойынша қаралды. Анықталғандай, 2026 жылдың қаңтар айында ер адам Ертіс өзенінде болған. Тексеру барысында оның жанынан тор көзінің өлшемі 3,5 сантиметр болатын балық аулау торы, сондай-ақ торды тартуға және мұзды оюға арналған құралдар табылған.

– Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, куәлардың айғақтарымен және сот отырысында зерттелген өзге де дәлелдермен дәлелденді. Заң талаптарына сәйкес, су айдындарында тыйым салынған ау құралдарымен жүру әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, – деп хабарлады Железин аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылып, оған 86 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Тәркіленген тыйым салынған ау құралдары жойылуға жатады.