Павлодар облысында дәрігерлерге тіл тигізген мас ауыл тұрғыны қамауға алынды
Ямышево ауылының тұрғыны шақырумен келген жедел жәрдем бригадасын балағаттағаны үшін екі тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Оқиға 14 шілдеде Аққулы ауданының Ямышево ауылында болған. Сот мәліметінше, мас күйде болған ер адам шақыру бойынша келген жедел жәрдем қызметкерлеріне бейпіл сөздер айтып, тіл тигізген.
Оның бұл әрекеті Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша сараланды — бұл медицина қызметкерлеріне жұмыс кезінде құрмет білдірмеу болып табылады.
Сотта ер адам өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін білдірді. Жаза тағайындау кезінде осы мән-жайлар ескерілді. Сот жауаптылықты ауырлататын жағдайларды анықтаған жоқ.
– Сот қаулысымен ер адам кінәлі деп танылды. Оған екі тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Бұдан бөлек, үш ай мерзімге оның мінез-құлқына арнайы талаптар белгіленді: алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салынды, сондай-ақ апта сайын профилактикалық әңгімелесу жүргізу үшін учаскелік полиция инспекторына барып тұру міндеттелді. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ, – деп хабарлады Аққулы аудандық сотынан.
