Павлодар облысында электр сымын үзген тракторшы 7 жылға куәлігінен айырылды
Оқиға 23 қазанда күндізгі сағат үште орын алған. «МТЗ» тракторын тізгіндеген азамат танысының ауласына кіріп келе жатып, тұрғын үй мен жазғы асүй арасына тартылған электр сымын іліп, үзіп түсірген. Осыған байланысты екі тұрғын арасында кикілжің туындап, үй иесі полиция шақырған. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары тракторшының ішімдік ішкенін анықтады.
Сотта жүргізуші өз кінәсін мойындамағанымен, куәгерлердің сөзі мен полицияның бейнежетонына түскен айғақтар оның рульге мас күйде отырғанын толық дәлелдеді.
Аққулы аудандық сотының қаулысымен азамат О. кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

