Павлодар облысында көзін жарақаттаған жұмысшы кәсіпорынның кінәсін дәлелдеді
Ер адам өндірістегі жазатайым оқиғаны арнайы тергеу нәтижелеріне шағымдану үшін Павлодар облысының ауданаралық әкімшілік сотына талап арызбен жүгінді, деп хабарлайды irbistv.kz.
Іс материалдарына сәйкес, теміржолда жұмыс атқару кезінде ер адамның көзіне металл сынығы ұшқан. Салдарынан ол ауыр өндірістік жарақат алды. Кейіннен оған ІІІ топтағы мүгедектік белгіленді. Арнайы тергеу қорытындысы бойынша комиссия аралас жауапкершілікті анықтап, кінәнің 70%-ын жұмыс берушіге, ал 30%-ын қызметкердің өзіне жүктеп, соңғысының өрескел абайсыздығын көрсеткен.
Мұндай тұжырымдармен келіспеген ер адам сотқа талап арызбен жүгінген. Сот жұмыс беруші еңбекті қорғаудың тиісті жағдайларын қамтамасыз етпеген деген қорытындыға келді. Сондай-ақ қызметкердің қорғаныс көзілдірігін алғаны және оған еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқама берілгені туралы дәлелдер болмаған.
– Анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот арнайы тергеу актісінің қызметкердің өрескел абайсыздығы және аралас жауапкершілікті қолдану туралы қорытындысы бөлігін заңсыз деп таныды. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне актіге өзгерістер енгізіп, жұмыс берушінің кінә дәрежесін 100% көлемінде, ал қызметкердікін — 0% деп белгілеу міндеті жүктелді. Шешім заңды күшіне енді, – деп хабарлады Павлодар облысының МАӘС.
