Павлодар облысында полицей жоғалған малды табуға көмектесті

Қолайсыз ауа райы салдарынан қойларын жоғалтып алған ауыл тұрғыны учаскелік инспектор көмегіне жүгінген деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Аққулы ауданына қарасты Қызылағаш ауылдық округінің Бесқарағай ауылының тұрғыны Есемғазы Ардах учаскелік полиция инспекторына көмек сұрап жүгінген. Ол жұбайы жайылымға шығарған 17 бас қойдың жоғалып кеткенін хабарлаған

 

-Ауа райының күрт бұзылып, қатты жел мен жаңбырдың соғуы салдарынан мал өрістен адасып кеткен. Учаскелік полиция инспекторы Алтынбек Есентаев өтінішке жедел ден қойып, бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Ол мал болуы мүмкін аумақтарды тексеріп, ауыл маңын шолып шықты. Нәтижесінде жоғалған 17 бас қой Бесқарағай ауылынан жеті шақырым жердегі Ертіс өзенінің жайылмасынан табылды. Малдың жоғалуы отбасы үшін үлкен алаңдаушылық туғызған еді. Полицейдің жедел әрекеті мен жанашырлығына ризашылығын білдіремін, -деп жеткізді ауыл тұрғыны Есемғазы Ардах.

 

Фото: gemini.google.com ЖИ арқылы жасалған