Павлодар облысында полицейлер алаяқтарға алданған тұрғынның 540 000 теңгесін қайтарып берді
Жәбірленуші Instagram желісінен арзан бағада компьютер мен оның бөлшектерін ұсынған жарнаманы көрген. Кейін ол сатушымен WhatsApp арқылы байланысып, тауардың құны мен жеткізілуін келіскен соң, көрсетілген банк шотына 540 мың теңге жіберген.
- Ақша түскеннен кейін сатушы қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермей қойған. Алаяқтыққа тап болғанын түсінген ер адам ресми байланыс арнасы арқылы Ертіс ауданының полиция бөліміне жүгінді. Жүргізілген жұмыстар мен қабылданған шаралардың арқасында барлық сома иесіне қайтарылды, — деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінен.

