Павлодар облысында түзету мекемесіне телефонды нанның ішіне жасырып өткізу әрекеті тоқтатылды
Тыйым салынған зат сәлемдемені тексеру барысында табылды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің № 63 мекемесінің қызметкерлері қамауда отырған адамға ұялы телефон кіргізу әрекетін алдын алды.Азамат тергеу изоляторында отырған күдіктіге әкелген нан өнімін тексеру кезінде мекеме қызметкерлері оның ішіне мұқият жасырылған телефонды анықтады. Құрылғы жұмыс істеп тұрған күйде болған.
-Мекеме қызметкерлерінің қырағылығының арқасында тыйым салынған затты беру әрекетінің жолы дер кезінде кесілді. Аталған факті бойынша азаматқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта материалдарды сотқа жолдау үшін тиісті құжаттар дайындалуда,-делінген облыстық ҚАЖД хабарламасында.
Фото: Павлодар облысы ҚАЖД

