• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодар облысында жүкті әйелдер арқылы пайда тапқандар ұстады: шығын 200 млн теңгеден асты

Павлодар облысында жүкті әйелдер арқылы пайда тапқандар ұстады: шығын 200 млн теңгеден асты



Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру схемасын ұйымдастырған адамдарды тергеп жатыр деп хабарлайды irbistv.kz.

 

ҚМА мәліметінше, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың бөлім басшысы кәсіби білімін пайдаланып, бұл алаяқтық іске электронды цифрлық қолтаңбаларына қолжетімділігі бар кәсіпкерлердің бірқатарына қызмет көрсететін бухгалтер туысын тартқан.

 

«Бухгалтер аталған ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған. Сонымен қатар бірнеше таныс адам тартылып, олардың міндетіне жүкті әйелдерді табу және ұсынылып отырған рәсімдеудің заңды екеніне сендіру кірген», – делінген хабарламада.

 

Ұсынылған жалған деректер негізінде уәкілетті органдарда жәрдемақылар тағайындалған. Алынған қаражат кейін сыбайластар арасында бөлінген. Осылайша 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін жәрдемақы төленген. Мемлекетке келтірілген залал 200 млн теңгеден асты. Сот санкциясымен күдіктілердің 3 автокөлігіне тыйым салынды. Тергеу жалғасуда

 

Скрин: Қаржы мониторингі агенттігі