Павлодар облысында қаскөйлер 1 тоннадан астам заңсыз балық аулаған
Полицейлер кезекті рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде ірі көлемдегі заңсыз балық аулау фактілерін анықтады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Аққулы ауданындағы рейд барысында тәртіп сақшылары Lada Priora автокөлігін тоқтатып, көліктің тіркемесінен 16 қап артемия салина шаян тәрізділері, торлар мен резеңке етіктер табылды. Бұл жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, тәркіленген өнімдерге қажетті сараптамалар тағайындалды. Сонымен қатар, Ақсу қаласы аумағында да ұқсақ факт тіркелді.
-Сырлықала ауылынан 15 шақырым жердегі “Кескен Терек” учаскесінде белгісіз адамдардың артемия салина шаяндарын заңсыз аулағаны анықталды. Бұл факті бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Балық ресурстарын заңсыз өндіру табиғатқа елеулі зиян келтіреді. Сондықтан мұндай әрекеттердің алдын алу үшін тұрақты бақылау мен рейдтер ұйымдастырылуда, – деді Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Айдар Сламбеков.
Еске сала кетейік, 20 қазан мен 19 қараша аралығында өңірде “Браконьер” жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Іс-шара барысында полицейлер табиғатты қорғау заңнамасының 135 бұзушылығын анықтап, оның ішінде аң аулау және балық аулау ережелерін бұзу фактілерін тоқтатты. Нәтижесінде, заңсыз ауланған 1 тоннадан астам балық тәркіленіп, жалпы сомасы 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Фото: Облыстық ПД