• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодар тұрғыны наркологиялық есепке қойылғаннан кейін сот арқылы көлік жүргізу құқығынан айырылды

Павлодар тұрғыны наркологиялық есепке қойылғаннан кейін сот арқылы көлік жүргізу құқығынан айырылды

Павлодарда жүргізуші наркологиялық есепке қойылғаннан кейін көлік басқару құқығынан айырылды. Сот оның диагнозы көлік жүргізуге медициналық қарсы көрсетілім болып табылатынын анықтады, деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Ер адам «B, B1» санаттарындағы жүргізуші куәлігін 2019 жылы алған. Алайда 2025 жылдың сәуір айынан бастап ол алкогольге тәуелділікке байланысты диагнозбен наркологиялық есепте тұр. Полиция қызметкерлері осы жағдайды ескере отырып, павлодарлық тұрғынды көлік жүргізу құқығынан айыру туралы сотқа талап арыз берген.

 

Алайда ер адам талап арызбен келіспеді. Сот отырысында ол наркологиялық есепке қойылғанын білмегенін айтып, алкоголь ішпейтінін мәлімдеді. Оның өкілі де аурудың созылмалы сипатта екенін дәлелдейтін мәліметтер жеткіліксіз екенін алға тартты. Дегенмен, сот бұл уәждерді қабылдамады.

 

Белгілі болғандай, ер адам дәрігерлік-консультациялық комиссияның отырысына қатысқан, медициналық тексеруден өткен және медициналық бақылауға алынуға жазбаша түрде келісім берген. Наркологиялық есепке қою туралы шешімге ол шағымданбаған. Оның үстіне, өзі ай сайын дәрігерге барып тұратынын растаған.

 

Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша:

 

-Істің анықталған мән-жайларын, сондай-ақ жауапкердің ауруы көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесіне кіретінін ескере отырып, сот талап арызды қанағаттандырды. С.-ның сериясы көрсетілген жүргізуші куәлігі бойынша көлік құралдарын басқару құқығы тоқтатылды. Сот шешімі заңды күшіне енді,-деп жеткізді Павлодарлық ауданаралық азаматтық сотында.