Павлодар өңірінде жантүршігерлік жол апатынан екі бала көз жұмды

 

Ақсу өңірінің Достық және Төртқұдық ауылдары арасында минивен көлігі аударылып екі бала көз жұмып, алты адам жарақат алған. Алдын ала дерек бойынша жүргізушісі рөлді басқара алмай, жыраға түсіп кеткен.

 

Апат түнгі сағат 12-ден кете орын алған. Көлік салонындағылар Астанадан Өскеменге бара жатқан. Барлығы бір-біріне туыс. Апат салдарынан 2016 және 2008 жылы туған екі бала сол жерде көз жұмса, қалғандары түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

 

-Бойжеткеннің ауыр жарақаты болмады, бел омыртқасын ауыртып алған. Ол ауруханаға жатудан бас тартып, үйде емге жіберілді. Ер адам мен әйел жедел жәрдеммен политравма бөлімшесіне жеткізілді. Жан сақтау бөлімінің дәрігерлері, хирургтер мен травматологтер қажеті шұғыл көмекті көрсетті,-деп мәлімдеді Павлодар бірінші қалалық ауруханасы директорының орынбасары Алмаз Қайтаев.

 

Сонымен қатар төрт жолаушы облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Олардың барлығы тексерілген соң, үйге жіберілген.

 

-31 жасар Тойота жүргізушісі рөлді басқара алмай, жол жиегіне аударылды. Салон ішінде 11 адам болды. Оның ішінде алтауы кәмелетке толмаған, бесеуі ересектер. Олар бір-бірімен туыс болады,-дейді Павлодар облысы ПД басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

 

Қазіргі таңда аталмыш дерек бойынша тексеріс тағайындалған деп хабарлады полиция департаментінде. Апатқа ұшыраған көлік айыптұрағына жөнелтілді.