Павлодардағы мейрамханадағы улану бойынша полиция тексеріс бастады
Қыз ұзату тойынан кейін мейрамханада тамақтанған қонақтар уланып, ауруханаға жатқызылған еді. Денсаулық сақтау басқармасында науқастанғандардың санын айтты деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
8-ші маусым күні қыз ұзату тойында демалған бір топ адам жедел жәрдем мен ауруханадағы дәрігерлердің көмегіне жаппай жүгінгін еді. Барлығының шағымдары ұқсас, жүрек айну мен түспейтін жоғары температура. Той иелері шағымданып, мейрамхана өкілдері олардың тарапынан олқылық болғандығын мойындамай жатқандығын жеткізді.
-Павлодар қаласындағы кафелердің бірінде улану фактісі бойынша Павлодар облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеруді бастады, оның нәтижелері бойынша полиция іс жүргізу шешімін қабылдайды. Болған оқиғаның мән-жайы анықталуда,-деп жеткізді облыстық полиция департаментінде.
Ал денсаулық сақтау басқармасында қалалық мейрамханада тойға қатысқан екінші күні де уланғандарға қатысты ақпаратпен бөлісті.
-7-ші маусым күнгі іс-шарадан кейін 21 адам ауруханаға көмекке жүгініп,
амбулаториялық ем алуға 14 адам жіберілді. Ал сол мейрамханада 8-ші маусым күні өткен іс-шарадан кейін 5 адам ауруханаға көмекке жүгініп, амбулаториялық ем алуға 2 адам жіберілді,-деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасында.
Улану бойынша санэпид тексеріс те жүргізіліп, алдағы уақытта сараптама қорытындылары белгілі болмақ.
Фото: Freepik.com