• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодарда 40 миллион теңгені қолды қылған деген күдікпен интернет-алаяқтар ұсталды

Павлодарда 40 миллион теңгені қолды қылған деген күдікпен интернет-алаяқтар ұсталды

Алдын ала деректерге сай, күдіктілердің әрекетінен тоғыз адам зардап шеккен. Полиция мәліметінше, олар өзара келісіп әрекет еткен және өзгенің қаржысын иемдену үшін цифрлық технологияларды пайдаланған.

- Құқық қорғау органдары оқиға эпизодтары мен зардап шеккендер қатары артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайын, күдіктілердің әрқайсысының рөлін және ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, — деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінде.

Сонымен қатар өңірде киберқылмыс схемаларын әшкерелеу жалғасуда. Жыл басынан интернет-алаяқтықтың 1337 фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31%-ға аз.

Жедел-іздестіру шаралары аясында тәртіп сақшылары SIM-карталарды заңсыз белсендірумен және қаражатты қолма-қол шешумен айналысқан күдіктілерді де ұстады. Олардан 120-дан астам ұялы телефон, 500 SIM-карта, 39 банктік карта және 2 дана SIM-box құрылғысы тәркіленді. Жалпы облыс көлемінде интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33 адам ұсталса, олардың үшеуі — кәмелетке толмағандар.