Павлодарда 6-сынып оқушысы екі балаға пышақ сілтеді

Жарақат алған екі бала бұл туралы ешкімге айтпай, сабаққа қатыспастан үйге кеткен. Алайда кейін екеуі де ауруханаға жүгінуге мәжбүр болған дейді irbistv.kz тілшісі.

Облыстағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шакеневаның айтуынша, оқиға 11 қыркүйек түстен кейін дүкеннің жанында орын алған. Қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева қатысуымен кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау комиссиясының кезектен тыс отырысы да өткен.

– Бір баланың сол жақ жамбасында пышақпен кесілген жарақат, екіншісінде сол жақ жамбаста соғылған жара болды. Медициналық көмек көрсеткеннен кейін оқушылар амбулаториялық емдеуге жіберілді, – деп нақтылады өңірлік денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінде.

Келесі күні жарақат алған балалардың ата-анасы мектеп әкімшілігіне хабарлаған, олар өз кезегінде білім бөлімі мен полицияны құлағдар еткен.

Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.

–Қамзин көшесіндегі үйдің аулаларының бірінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша екі оқушы басқа кәмелетке толмаған баладан жарақат алып, қылмыстық іс қозғалды, – деді ПД баспасөз қызметінде.

Осы күні зардап шеккен оқушылар сабаққа қайта оралған. Ал пышақ сілтеген бала қашықтықтан оқуға жіберілген.

Фото: freepik.com