• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодарда 8-жасар қыз бала ауладағы сырғанақтан құлап, ауыр жарақат алды

Павлодарда 8-жасар қыз бала ауладағы сырғанақтан құлап, ауыр жарақат алды

Анасының айтуынша, бұған дейін Бұқар Жырау көшесіндегі үй тұрғындары ПИК-тен де, ТҮКШ бөлімінен де апатты темір конструкцияны алып тастауды бірнеше рет сұрапты. Алайда осы күнге дейін еш нәтиже шықпаған.

 

Оқиға 31 тамыз күні Бұқар жырау 13 мекенжайындағы үй ауласында орын алған. Оқушы қыздың құлағанын балалар көріп, дереу ересектерді шақырады. Нәтижесінде ауыр жарақатпен балалар облыстық ауруханасына түскен 8 жастағы қызға күрделі операция жасалған.

 

-Тұрғындар бірнеше рет ПИК-ке де, ТҮКШ бөліміне де аталмыш сырғанақты алып тастауды сұрадық, себебі жылда онда балалар құлап жарақат алып жатады. Алайда бізді тыңдаған ешкім болмады,-дейді жарақат алған баланың анасы Алена Иванина.

 

Дәрігерлердің айтуынша, Агатаның миына қан құйылғандықтан шұғыл түрде бас сүйегі трепанациясын жасаған. Қазір қыздың жағдайы тұрақты.

 

-Бірден ауруханаға жеткізілгендіктен ұйыған қан дереу алынып тасталды. Ауыр зардаптары болмауы керек. Әрі қарай бала біздің стационарда кейін үйден сауықтырудан өтуі тиіс,-деп жеткізді Павлодар облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Өмірзақ Қайыргельдин.

 

Қалалық әкімдікте хабарлағандай бұл үй тұрғындарынан аталмыш конструкцияны алып тастау туралы өтініш түспеген.

 

-Жаңа балалар алаңын орнатқан кезде ескісін ПИК немесе тұрғындардың ұжымдық өтінішінен кейін алып тастаймыз. Негізінде тұрғындардың 90%-ы ескісін қалдыруды сұрап жатады. Алайда дәл осы мекенжайдан ТҮКШ бөліміне ресми шағым түскен жоқ,-дем мәлім етті Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша қауіпті сырғанақтан әр баланы қуып жүру мүмкін емес. Қалалық әкімдікте дәл осы үйдің қасындағы үйлер маңына жаңа балалар алаңы орнатылған. Коммуналшылар болса Бұқар жырау, 13 мекенжайындағы апатты құрылымды бөлшектеуге кірісіп кетті.