Павлодарда 9 келі балық үшін ер адамға 30 мың теңге айыппұл салынды
Сотта ер адам қарбыз бен қауын сатумен айналысатынын, алайда балықты қайта сатуға алғаш рет келіскенін түсіндірді. Нәтижесінде қосымша табыс табудың орнына айыппұл арқалап, тауарынан айырылды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Құқықбұзушылық 7 қазанда Нұрмағамбетов көшесінде жүргізілген рейд барысында анықталды. Ер адам балықты оның шығу тегін растайтын құжаттарсыз және ветеринариялық анықтамасыз сатқан. Сотта павлодарлық өз кінәсін мойындады. Оның айтуынша, бейтаныс ер адам балық сатып алуды ұсынған, ал ол балықты кейін қайта сату үшін алуға келіскен.
– Іс материалдары мен ұсынылған дәлелдемелерді зерттей келе, сот азамат Г.-ның кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді. Сот қаулысымен азамат Г. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 389-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды, – деп хабарлады Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Нәтижесінде сот оған 30 275 теңге көлемінде айыппұл салды. Сонымен қатар ер адамның 9 келі балығы тәркіленді. Оның ішінде 2 келі шортан, 2 келі көксерке және 5 келі мөңке балығы бар. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
