Павлодарда 9-сынып оқушысы терроризм туралы жалған хабарлама берген

Полицияның мәліметінше, жасөспірім шұғыл қызмет нөміріне қоңырау шалып, дайындалып жатқан террористік акт туралы хабарлаған. Тексеру барысында телефонның оның сыныптасына тиесілі екені анықталды.

Оқиға болған күні оқушы сабаққа кешігіп келген. Спорт залында қараусыз қалған ұялы телефонды байқап, шұғыл қызметке қоңырау шалуды ұйғарған. Өзінің айтуынша, мұндай әрекеттің салдары қандай болатынын ойламаған.

 

-Полиция қызметкерлері қоңырау түскен нөмірді жедел анықтап, оқиғаның мән-жайын тексерді. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілдерінің кепілдігімен тапсырылды, – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.

 

Полиция мұндай «әзілдің» жауапсыз қалмайтынын ескертеді. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бергені үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар жалған хабарламаға байланысты шұғыл қызметтердің жұмсаған шығындары өтелуге тиіс.