Павлодарда адам өлтірді деген күдікті ұсталды

Жергілікті тұрғындар ер адамның мәйітін өз ауласынан түнгі уақытта тауып алған болатын. Сол кезде жапа шегушінің пышақ жарақатын алғанын анықтады. Қылмыскер оқиға орнынан ізін суытты, ал бүгін полицияда ол ұсталды деп хабарлады. Ол бұрын сотталған 30 жастағы ер адам болып шықты. Сол түні ол басқа біреудің көлігін де айдап кеткен.  

 

- Көлікті ұрлап, мініп кеткен деген күдік ауып отыр. Бұл дерек бойынша ҚР 200-бабы 1-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталмыш әрекет Павлодар қаласындағы Мир көшесіндегі аулада орын алған, - деді Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Жанна Белялова.

 

Ұрланған көлік табылып, иесіне қайтарылды. Алайда адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу аясында көлік айғақ зат болып табылады. Күдікті қамауда. Оған 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылу қаупі төніп тұр. Қылмысқа не итермелегені және басқа да мән-жайы жарияланбайды.