Павлодарда алаяқ туыстарын пәтер алуға көмектесемін деп алдаған

Павлодарлық әкімдіктің бұрынғы көлік жүргізушісі әлеуметтік баспана алуға кезекті жылжытамын деп уәде беріп туысқандарын алдаған. 27 жастағы ер адам «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы екі пәтер үшін жеті миллион теңге алған. Алайда еш көмек бермей, ақшаны жұмсап қойған. Кейін тек күнде ертең деп алдай берген.

 

Қалалық әкімдікте жігіттің шынымен де 2021 жылы жүргізуші болып істегенін айтты. Туысқандарына өзінің жұмыстан шығып кеткені туралы айтпаған. Ал 2022 жылы ақпанда әлеуметтік баспана алуға кезекті жылжыта алатыны туралы мәлімдепті. Өзінің де солай пәтер алғанын айтып сендірген. Анасының туысқан әпкесі бір бөлмелі үшін 2,5 миллион теңге, ал оның қызы үш бөлмелі үшін 4,5 миллион беріпті. Нәтижесінде баспана да, ақша да жоқ. Сол себепті полицияға жүгінген.

 

-Павлодар қаласының №2 сотының үкімімен Б. деген азамат қылмыстық іс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК 190-бабы, 3-бөлімі, 1,4-тармағы бойынша ҚАЖ қауіпсіздігі орташа мекемесіне 3 жылға қамау жазасы тағайындалды,-деді Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.

 

Әйелдердің бірі мүгедек, туысқанына ақшаны ауылдағы үйін сатып тұрып берген. Ал «Сарыарқа» мөлтекауданынан үш бөлмелі үй алғысы келген екінші әйел банктен несие алып, алтынын ломбардқа салыпты. Қазір қарызын қайтару үшін екі жерде жұмыс істеп жүр. Сот үкімімен 27 жастағы жігітті туысқандарына материалдық шығынды толық қайтаруды міндеттеді.