Павлодарда азық-түлік павильонында тауар ұрлаған жігіт бас бостандығынан айырылды
Павлодарда 26 жастағы жігіт түнде дайын тауық еті сатылатын сауда павильонына заңсыз кіріп, ет, көкөніс, тұздықтар мен ақша ұрлаған, деп хабарлайды irbistv.kz.
Сот үкімінде көрсетілгендей, жігіт 2026 жылдың маусым айының ортасында сауда павильонына кірген. Ішке өту үшін терезені күшпен ашқан.
- Павильон ішінде бола тұра, тікелей қасақана ниетпен жасырын түрде мынадай мүлікті ұрлаған: 7 келі тауық еті, 4 келі сиыр еті, 2 келі наггетс, 5 келі фри картобы, сондай-ақ көкөністер (қызанақ, қияр, салат жапырағы, сарымсақ), 5 бөтелке тұздық және 94 000 теңге көлеміндегі ақша қаражаты, – делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.
Сотта қылмыстық іс ұрлық фактісі бойынша қаралды. Үкім шығару кезінде жігіттің бұған дейін де бірнеше рет құқық қорғау органдары мен соттардың назарына іліккені маңызды рөл атқарды. 2021 жылы ол ұрлық жасағаны үшін сотталған. Арада жарты жыл өткен соң денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін тағы да сотталды. Ал 2024 жылы қайтадан ұрлық жасағаны үшін жазаға тартылған. Бұл жолы ол өз кінәсін мойындамай қоймады, алайда соттан ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.
Сот 26 жастағы павлодарлықты кінәлі деп танып, оны қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеу үшін 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Фото: Freepik.com
