Павлодарда биіктен құлаған мұз әйелдің басын жарып, ауруханаға түсті
Павлодарда аулада серуендеп жүрген тұрғынның басына үлкен мұз бөлшегі құлап, жарақат алды, деп хабарлайды irbistv.kz.
Оқиға шілденің 8-і қаладағы аулалардың бірінде болған. Бейнебақылау камерасына түскен кадрлардан жас әйелдің баласымен серуендеп жүргенін көруге болады. Кенеттен төбесінен мұз құлаған кезде ол қатты соққыдан отырып қалып, қолындағы арбаны жіберіп қояды. Арба ылдиға қарай жүріп кеткенімен, оны тез арада тоқтатып үлгерген, сәби зардап шеккен жоқ. Ал әйелдің басы тілініп, ауруханада оған тігіс салынды.
Куәгерлердің айтуынша, мұзды үйдің жоғарғы қабатынан бала лақтырған болуы мүмкін. Бұл ақпаратты қазір полицейлер тексеріп жатыр. Болған оқиға фактісі бойынша «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, кінәлі тұлғаны анықтау және жауапқа тарту бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Қылмыстық іс Павлодар облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, – деп хабарлады Павлодар облысының ПД.
