Павлодарда біржарым жасар бала төртінші қабаттан құлап кетті

 

 

Оқиға Павлодардағы Московская көшесіндегі көпқабатты үйде орын алған. Бала тез арада травматология бөлімшесіне жатқызылып, қазір дәрігерлердің қарауында деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Бұл туралы облыстық жедел жәрдем қызметі хабарлады. Оқиға кеше кешкілік орын алған.

 

-Облыстық жедел жәрдем станциясына 18 сәуір күні сағат 19:07-де төртінші қабаттан бала құлады деген хабарлама келіп түсті. Медициналық бригада 6 минутта жетті. Бала біржарым жаста. Бас миының жарақаты диагнозымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылды", -деп мәлімдеді жедел жәрдем қызметінде.

Ақ халаттылар бала өміріне еш қауіп жоқ екендігін жеткізді.

 

-Баланың аман қалуы, таңғажайып деп қабылдаған дұрыс. Өйткені 4 қабат өте биік. Бала ешқандай жарақат алмаған. Аяқ, қолы, басы аман. Ми шайқалуы да бас сүйегінің жеңіл жарақаты деп есептеледі,-деп мәлімдеді облыстық балалар ауруханасы травматологы Ардақ Айтмұхаметұлы.

Балаға КТ жасап, жағдайын орташа деп бағалап отыр. Айту керек, бұл ағымдағы жылы балалардың терезеден құлауының 7 жағдайы.

Фото: Freepik.com