Павлодарда дүкеннің байланыс деректері болмағаны үшін кәсіпкер жазаланды
Тұрғынның сауда нүктесіне қатысты шағымы жоспардан тыс тексеру жүргізуге түрткі болған. Қала тұрғыны өзін мазалаған сауалдар бойынша дүкенмен байланысқа шықпақ болған, алайда нысанда кәсіпкердің бірде-бір байланыс нөмірі табылмаған.
Осы өтініштен соң Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мамандары сауда орнын тексерді.
— Тексеру барысында сауда нысанында сатушы туралы мәліметтер, атауы, мекенжайы мен байланыс телефоны, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган мен дауларды сотқа дейін реттеу субъектілерінің деректері жазылған ақпараттық стендтің жоқтығы анықталды. Мәселе тек ақпараттың қазақ және орыс тілдерінде ұсынылмауында ғана емес, тұтынушылардың сатушымен тікелей байланысып, өз құқықтары жайлы ақпарат алуына қажетті деректердің мүлдем көрсетілмеуінде болды, — деп нақтылады салалық департамент өкілдері.
Дүкен өкілі стендтің жоқтығын жөндеу жұмыстары кезінде уақытша алып тастағанымен түсіндірген. Алайда, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 26-бабына сәйкес, сатушы өзінің атауын, орналасқан жерін және жұмыс режімін тауар сатылатын орында мемлекеттік және орыс тілдерінде міндетті түрде орналастыруы тиіс.
Тексеру қорытындысы бойынша заң талаптарын бұзған кәсіпкерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, анықталған кемшіліктерді ретке келтіру туралы міндетті нұсқама табысталды.

