• Басты бет
  • Оқиғалар
  •   Павлодарда көлік қағып кеткен 5 жасар қыз апатқа кінәлі деп танылуы мүмкін

  Павлодарда көлік қағып кеткен 5 жасар қыз апатқа кінәлі деп танылуы мүмкін

Анасының айтуынша бірінші сараптама таксистің тоқтай алатын мүмкіндігі болды деп көрсеткен. Алайда бірнеше айдан соң басқаша қорытынды шығарған. Әйел полиция істі тергемей жатыр деп шағымданды.

 

Анастасия Чернявскаяның айтуынша таксист оның қызын осы жылдың 20 маусымында қағып кеткен. Ауруханаға да өзі жеткізген. Бақылау камерасынан қыздың ауладағы жолды жүгіріп өтіп, кейін артқа қайтқанда көлік астына түскенін көруге болады.

 

-Жүргізушінің қорғаушысы сараптаманы қайта қарауға өтініш жазған. Сараптама қайта жасалған. Мен онымен бір апта бұрын таныстым. Онда менің балам өз ауласында жүріп келе жатқан таксиге кедергі болды деп жазылған,-дейді қыздың анасы.

 

Қайталама сараптама қорытындысында жүргізушінің қақтығыстың алдын алуға мүмкіндігі болмаған деп көрсетілген. Қыздың анасы тергеу орнынан жылжымай тұр дейді. Ал жақында қылмыстық істі тіпті жауып тастаған. Полицияда түсініктеме берді.

 

-2022 жылдың 20 маусымында Ломов көшесіндегі 156/2-үйдің ауласында орын алған жол көлік апаты дерегі бойынша Павлодар облысының полицейлері ҚР ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Оның нәтижесіне сәйкес процессуалдық шешім қабылданады,-дейді Павлодар облысы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Дастан Әбілғазинов.

 

-Машина қаққан кезде баланың оң жақ жіліншігі сынған. Бала 10 күн аяғын тарту ем шарасында жатты, одан соң бір апта гипспен жатты. Енді ұзақ сауықтыру қажет. Қазір жарақат алған аяғы екінші сау аяғынан бір сантиметрге ұзын,-деп жеткізді Анастасия Чернявская.

 

Анастасия Чернявскаяның айтуынша жүргізуші баланы емдеуге бір рет те көмек ұсынбаған, кінәсін мойындамайды екен. Ал қызға ұзақ ем алу қажет. Әйел мұқият тергеу мен істі сотқа жеткізуді талап етеді.