• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодарда мал ұрлап, 129 миллион теңге шығын келтірген бақташыға сот үкімі шығарылды

Павлодарда мал ұрлап, 129 миллион теңге шығын келтірген бақташыға сот үкімі шығарылды

2 Павлодар қалалық сотының үкімінен белгілісі Баянауыл ауданындағы шаруа қожалық басшысы және Шолақсор ауылының тұрғыны 2017 жылы танысқан. Сол кезде малды бағу туралы келіскен. Ақтоғай ауданына 400 қой, 101 сиыр және 230 жылқыны айдап апарған. Бірнеше жыл бойы серіктестік сыр бермеген еді. Қожайын малды үнемі тексеріп тұрған, ал 2020 жылы төрт түліктен түк қалмаған. Материалға сүйенсек, малды қолына алған ер адам барылығын сатып жіберген. Нәтижесінде 129 млн теңге шығын келтірген. Жапа шегуші полицияға жүгінген соң тергеуге көшіп, іс сотқа жетті.

 

-Үкіммен ол кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды. Тағайындалған жазасын қауіпсіздігі орташа ҚАЖ мекемесінде өтеу белгіленді. Сондай ақ оған мал шаруашылығы саласындағы кез келген меншік нысанында мемлекеттік ұйымдарда 5 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айрылды,-деп мәлімдеді Павлодар қаласы №2 сотының баспасөз хатшысы Гүлсім Ахтаева.

 

Сотталушы кінәсін мойындамады. Серіктестік тек 5 айға созылғанын айтты, шаруа қожалық басшысы жалақы төлеуден бас тартқан соң ауызша келісімшартты бұзған. Нәтижесінде ол малды сатып алады деп келіскен. Сот үкімінде көрсетілгендей барлық малдан тек 42 жылқы қалған. Оларды Баянауыл ауданындағы шаруа қожалық басшысына қайтаруға міндеттеді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.