Павлодарда Малайсары батыр көшесіндегі үйден өрт шықты: 20 адам эвакуацияланды
Шілденің 26-сы Малайсары батыр көшесі, №8-үйде орналасқан пәтер жанды. Зардап шеккендер жоқ, деп хабарлайды irbistv.kz.
Өрт туралы хабарлама 101 пультіне сағат 11:06-да түскен. Жетінші қабаттағы пәтерде жиһаздар мен үй мүліктері жанған. Өрт сөндірушілер тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, тілсіз жауды ауыздықтауға кірісті. Оқиға орнында газ-түтіннен қорғау қызметінің екі бөлімшесі жұмыс істеді. Бұл ретте екі учаске ұйымдастырылды: бірі — пәтер ішінде, екіншісі — ғимарат сыртында.
– Баспалдақ арқылы кіреберістен 20 адам, оның ішінде 5 бала өздігінен эвакуацияланды. Сағат 11:30-да өрт оқшауланып, 11:48-де толық жойылды. Өрттің аумағы 25 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда, – деп хабарлады Павлодар облысының ТЖД.
