Павлодарда онконауқастарды қолдау мақсатында фотокөрме ашылды

Фотосуреттер көрмесінде сәулелендіруді өтіп жатқан 20 әйелдің бейнесі ұсынылды. Солардың бірі, Саягүл Радикова - Павлодар қаласының тұрғыны. 1992 жылы дүниеге келген. Бүгінде екі баланы тәрбиелеп отырған асыл ана, аяулы жар. Өмірдің қиын сынағына тап болғанымен, күрес жолын еш мұңаймай жалғастырып келеді.

 

- Осындай сынаққа қарамастан барлығымыз бақытты өмір сүруді үйреніп жатырмыз. Осындай шараның, қорымыздың барына өте қуаныштымын. Бізге көп көмек береді омындай шаралар. Сынақпен күресуге мүмкіндік береді, жалпы, өмір – керемет,-деді Саягүл Радикова.

 

«Өмір - керемет» атауына ие көрмені «Мелек» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Айта кетейік, мұнда онкологиялық ауруға шалдыққан азаматтарға психологиялық тұрғыдан қолдау танытады. Бүгінде 100-ден астам адам осы қордың қарамағында, олардың 20-сы бүгінгі өтіп жатқан шараның басты кейіпкерлері. Осы жылдың қазан айында еріктілер мен белсенділер бірігіп, нәзік жандылар үшін арнайы фотосессия өткізген. Арт-терапия болып табылатын бастама алғаш рет өтіп жатқанын айтып өткен жөн.

 

- Ауырып жатқан кісілер, ауырып жатқан адамдардың туысқандары үшін үлкен көмек болуы үшін. Бұл қандай да бір қиындыққа қарамастан, өмірге деген жақсы көзқараспен, осындай бір жаңа бір өмірді бастау, өзінде бар махаббатты, бар сұлулықты көрсетіп, бұл қиындықтарды жеңуді көрсету болып табылады,-деді «Мелек» ҚҚ директоры Сәуле Исагулова.

 

Ұйымдастырушылар әсем әрі мықты қыз-келіншіктердің бейнесі арқылы өмірдің сын сәтіне тап болған барша адамдарға қолдау көрсету басты мақсаты болып табылатынын жеткізді. Бұл ретте, фотокөрмедегі әр азаматша өзінің күрес жолымен бөлісіп қана қоймай, образдары арқылы жағымды эмоцияларды да ала алды. Мұнда барлығының сенімі мен өмірге деген құштарлығын анық байқауға болады. Айта кетсек, аталмыш фотосуреттердің көрмесін 4 желтоқсанға дейін тамашалай аласыздар.