• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодарда полицейлер алаяқтарға алданып, өмірімен қош айтыса жаздаған әйелді құтқарып қалды

Павлодарда полицейлер алаяқтарға алданып, өмірімен қош айтыса жаздаған әйелді құтқарып қалды

 

 

Ағымдағы жылдың он айы ішінде облысымызда екі мыңға жуық интернет алаяқтығы тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш пайызға артқан. Бұл цифрдың ішінде 515-і ауыр қылмыс түріне жатады деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Павлодар облысында күн сайын 2-3 алаяқтық дерегі тіркеледі екен. Бүгінгі таңда 28 тұлға мен 13 адамнан тұратын екі топ ұсталған. Ал жақында павлодарлық әйелге алаяқтар қоңырау шалып, инвестициялық қызмет ұсынып, оған 3 мың доллар пайда көресің деген, сөйтіп әйел келісіп, 4 миллион теңгеге несие рәсімдеген. Бұл ақшаны өсіру үшін қауіпсіз есепшотқа аударуын сұраған. Кейін әйелдің есепшотына 3 мың доллар аударып, қателесіп аударғандарын айтып, ақшаны кері қайтаруды сұраған.

 

- Нәтижесінде әйел интернет алаяқтығы бойынша жапа шегуші әрі қатысушы, яғни, дроппер болып қалды. Әйелдің ұлы келесі күні анасының алаяқтарға алданғанын айтып, телефонын тастап, белгісіз бағытқа кетіп қалғанын айтып, полицияға қоңырау шалды. Біз бірден іздеуге көштік. Оны тапқан кезде ол жылап, темір жол көпірінде тұрып, өзіне қол салмақ болғанын айтты. Кейін әйелге психологиялық көмек көрсетілді, - деп хабарлайды Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Сұлтанбек Қадыржанов.

 

Айта кету керек, интернет алаяқтығының ең көп тараған түрі қауіпсіздік қызметі, құқық қорғау органдары мен банк атынан қоңырау шалу болып табылады. Павлодар облысының тұрғындары алаяқтарға күніне алты миллион теңгедей аударады екен. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімі мамандарының айтуынша алаяқтардың құрығына түсуге негізінен цифрлық және қаржылық сауатсыздық себеп.

 

Бибінұр Хамитқызы