Павлодарда пробация қызметінің бұрынғы инспекторы пара алғаны үшін сотталды
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде көрсетілгендей, 10 тамызда сотталған азаматты полиция қызметкерлері көлік жүргізу құқығынсыз көлік басқарғаны үшін ұстаған. Бұл елеулі құқықбұзушылық болғандықтан, пробациялық бақылау қызметінің инспекторы тиісті шаралар қабылдауы тиіс еді. Алайда ол бұл жағдайды елемеген.
Арада екі апта өтпей жатып, оның бақылауындағы азамат қайтадан көлік тізгініне отырған. Бұл жолы ол мас күйінде көлік басқарған. Сот шешімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Бостандыққа шыққан соң ол өзіне бекітілген инспекторға барған. Инспектор оған ескерту жасауы тиіс болған.
- Жүктелген міндеттерін, атап айтқанда, жазаны өтеу тәртібін қасақана бұзатын адамдарға қатысты ескерту жасап, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы сотқа ұсыныс енгізу міндеттерін орындамаған. Оның орнына ескерту жасамағаны және сотқа ұсыныс жолдамағаны үшін заңсыз әрекетсіздік таныту мақсатында 400 мың теңге көлемінде қомақты ақша беру қажеттігін айтқан, – делінген Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімінде.
Бірнеше күннен кейін пробация қызметінің инспекторы ақшаны өз кабинетінде алған. Осыдан кейін оны ҰҚК департаментінің қызметкерлері ұстады.
Өз кінәсін жоққа шығармаған. Тек бас бостандығынан айырмауды сұраған. Іс материалдарын зерделеген сот оған 12 миллион теңге көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындау туралы шешім қабылдады.
