Павлодарда саяжай теліміне тұрғын үй салмақшы болған адам сотта жеңіп шықты
Павлодар тұрғыны сот арқылы саяжай телімінің нысаналы мақсатын тұрғын үй құрылысы мен оны күтіп-ұстауға өзгертуге қол жеткізді, деп хабарлайды irbistv.kz.
Павлодар қаласының тұрғыны өзінің саяжай теліміне тұрғын үй салу мақсатында жердің нысаналы қолданысын өзгертпек болған. Алайда әкімдік оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Осыдан кейін жер иесі бұл бас тартуды заңсыз деп санап, сотқа жүгінген.
Сот іс материалдарын зерделеп, меншік иесінің талабын қолдады. Анықталғандай, аталған телімде тұрғын үй салу қаланың бас жоспарына толық сәйкес келеді.
— Сот шешімімен әкімдіктің бас тартуы заңсыз деп танылды. Сот әкімдікке жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы қолайлы әкімшілік акт қабылдауды міндеттеді, — деп хабарлады Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында.
Сонымен қатар сот Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 109-бабына сәйкес, егер егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы болмаса, бас жоспарды басшылыққа алу қажеттігін ескерді. Бүгінде сот шешімі заңды күшіне еніп, толық орындалды.

