• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодарда телефон алаяқтарына көмектесу күдігімен кәмелетке толмағандар ұсталды

Павлодарда телефон алаяқтарына көмектесу күдігімен кәмелетке толмағандар ұсталды

Екі кәмелетке толмаған онлаин түрде табыс алу мақсатымен, SIM-карталар арқылы алаяқтық схемаға қатысқандығы тексерілуде деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі полиция департаментіне сілтеме жасап.

 

Павлодар облысының киберполиция қызметкерлері SIM-карталар мен WhatsApp мессенджеріндегі жалған аккаунттарды пайдалану арқылы ұйымдастырылған алаяқтықтың жолын кесті. 2025 жылдың қыркүйегінде облысымыз пен Екібастұз қаласы аумағында азаматтардың қаржысын қашықтан иемденудің екі дерегі тіркеліп, келтірілген шығын 12 миллион теңгеден асты.

 

-Тергеу барысында алаяқтардың WhatsApp қосымшасы арқылы қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік және қаржы ұйымдарының өкілдері ретінде таныстырғаны анықталды. Олар жеке деректерді қорғау мен киберқылмыстың алдын алу сылтауымен азаматтарды алдап, қолжетімділік кодтары мен банк деректерін иемденген. Қоңыраулар үшінші тұлғалардан Telegram мессенджері арқылы жалға алынған абоненттік нөмірлерден жасалған. Бұл схемаға көбіне өз SIM-карталары мен WhatsApp аккаунттарын қашықтан табыc табу үшін жалға берген колледж студенттері тартылған,-деп жеткізді полиция департаментінде.

 

Төлем криптовалютамен жүргізілген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында өз нөмірлерін пайдалануға берген екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды.

 

-Олардың қолынан 70-тен астам SIM-карта мен мобильді құрылғылар тәркіленді. Сондай-ақ схемада қолданылған 100-ден астам абоненттік нөмір анықталды. Қазіргі уақытта аса ірі көлемде жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды,-делінген департамент хабарламасында.

 

Сонымен қатар ұйымдастырушыларды және нөмірлерді беруге немесе қылмыстық әрекетті үйлестіруге қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Фото: Freepik.com