Павлодарда тіркелмеген транзиттік нөмірі бар Hyundai көлігі тоқтатылды

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Павлодарда полицейлер тіркелмеген транзиттік нөмірлері бар Hyundai автокөлігін тоқтатты. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды irbistv.kz.

Hyundai көлігі Назарбаев пен Кривенко көшелерінің қиылысында тоқтатылды. Тексеру барысында көліктің транзиттік мемлекеттік тіркеу нөмірлері белгіленген тәртіппен тіркелмегені анықталды.

– Жүргізушіге қатысты көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік материал рәсімделді, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінде.

Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың мыңға жуық дерегі анықталды. Ең көп тіркелген құқық бұзушылық – қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару, мұндай 346 жағдай анықталды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың 157 дерегін, мас күйінде көлік басқарған 38 жүргізушіні, сондай-ақ техникалық ақауы бар және мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз пайдаланылған автокөліктерді анықтады.