Павлодарда төрт футбол жанкүйеріне айыппұл салынды

Павлодарда төрт футбол жанкүйері ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл арқалады. Орталық стадионның жанында матч басталмай тұрып, олар өздерін өрескел ұстап, айқайлап ұрандаған және түтін шашкаларын пайдаланған, деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Оқиға 28 маусымда сағат 17:00 шамасында Орталық стадионның жанында, футбол матчы басталғанға дейін болған. Сот мәліметтері бойынша, төрт ер адам жанкүйерлер тобымен бірге қоғамдық тәртіпті бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Төртеуі де ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот олардың бірінші рет жауапқа тартылып отырғанын, кінәларын мойындап, өкінгендерін ескерді. Осыған байланысты әрқайсысына салынған айыппұл мөлшері 30 пайызға азайтылды.

 

– Сот үкімімен А., К., В. және Ф. ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 60 550 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді, – деп хабарлады Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан.