Павлодарда волейболдан өткен чемпионатта бапкер шәкіртін басынан ұрды: полиция іс қозғады
Павлодарда волейболдан қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты кезінде бапкер кәмелетке толмаған спортшыны басынан ұрып жіберген. Оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады, - деп хабарлайды irbistv.kz.
Оқиға 2009 жылы туған және одан кіші қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының 2-туры барысында болған. Жарияланған кадрлардан Шымкент командасының жаттықтырушысы өз ойыншысын басынан ұрғаны көрінеді. Соққыдан кейін жасөспірім қыз ойын алаңына қайта оралған.
-Бапкердің кәмелетке толмаған волейболшыға қатысты күш қолдану дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде. Бапкердің әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы полиция басшылығының бақылауында, — деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінен.
Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, бапкер атқаратын қызметінен босатылды. Ол жеке клубтың атынан өкілдік еткен және онда 6-7 ай шамасында жұмыс істеген. Бұл ретте оның мемлекеттік спорт ұйымдарында да қызмет атқаратыны хабарланды.
Фото: magnific.com
