Павлодарда зейнеткер сот арқылы иесіз саяжай учаскесіне қол жеткізді
75 жастағы ер адам қалалық бағбаншылықтағы жер учаскесін 10 жыл бойы күтіп-баптаған. Алайда оны жеке меншікке рәсімдемек болғанда, шенеуніктер рұқсат бермеген деп хабарлайды irbistv.kz.
Сотта анықталғандай, даулы жер учаскесі 2003 жылы бастапқы иесі қайтыс болғаннан кейін, ал 2016 жылы мұрагерлерінің бірі дүние салған соң қараусыз қалған. 2025 жылға дейін жер екінші мұрагердің атына тіркеліп тұрған. Кейін учаске иесіз деп танылып, Павлодар қаласының коммуналдық меншігіне өткен. Осы уақытта басқа бір зейнеткер қараусыз қалған жерді игеруге бел буған.
- Ол бағбаншылық төрағасының келісімімен аумақты тазалап, су ақысын тұрақты төлеп, көкөніс өсіріп, 10 жылдан астам уақыт бойы жерге күтім жасаған. Алайда ер адам учаскені жеке меншікке рәсімдеуге өтініш бергенде, уәкілетті орган бас тартқан. Шенеуніктердің айтуынша, жергілікті зауыттың санитарлық-қорғау аймағында орналасқандықтан, оны жеке меншікке беруге болмайды, - деп хабарлады ҚР Жоғарғы сотында.
75 жастағы зейнеткер бұл шешіммен келіспей, Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген. Сот мемлекеттік органның уәжінен қайшылықтар тапты. Санитарлық нормалар санитарлық-қорғау аймақтарында жаңа бау-бақша серіктестіктерін құруға тыйым салғанымен, даулы саяжай алқабының құрылғанына 25 жылдан асқан. Яғни, бұл жаңадан ашылған аумақ емес, бұрыннан қалыптасқан бағбаншылық. Сонымен қатар, әкімдік осы серіктестіктегі басқа жер учаскелерін бұған дейін де жеке меншікке бергені анықталды. Нәтижесінде сот зейнеткердің талабын қанағаттандырды. Әкімдікке оң әкімшілік акт қабылдап, сұралған жер учаскесін ер адамның жеке меншігіне беру міндеттелді.
