Павлодарда жарнамалық акция сатушы үшін сот дауына ұласты
Кондиционерді 10 теңгеге орнатуға уәде бергенімен, сатып алушы монтаж жұмысы үшін бөгде маманға 70 мың теңге төлеуге мәжбүр болған. Сатушымен арадағы дау сотқа жетіп, нәтижесінде компанияға тұтынушыға өтемақы төлеу міндеттелді. Бұл туралы irbistv.kz хабарлайды.
2026 жылдың маусым айында ер адам 144 990 теңгеге кондиционер сатып алған. Жарнамада оны орнату арнайы акция бойынша небәрі 10 теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар монтаж жұмысы қосымша шығынсыз сыйлық ретінде ұсынылған. Алайда тауарды сатып алғаннан кейін сатушы өнеркәсіптік альпинистің қызметі мен әйнек пакетті шешу жұмыстары үшін қосымша ақы төлеу қажеттігін хабарлаған. Сатушының айтуынша, бұл жұмыстар кондиционер орнатудың стандартты қызметіне кірмеген. Сатып алушы мәселені сатушымен өзара шешуге тырысқанымен, одан бас тартылған. Нәтижесінде ер адам басқа маманға жүгініп, кондиционер орнату үшін 70 мың теңге төлеген. Осыдан кейін ол сотқа талап арыз берген.
-Департамент мамандары сот отырысына қатысып, тұтынушының бұзылған құқықтарын қорғау мақсатында талаптарды қолдайтын пікір дайындаған және іске үшінші тарап ретінде қатысқан. Сот талқылауы барысында тегін орнатуға қатысты шектеулер мен жекелеген жұмыстар үшін қосымша ақы алынуы мүмкін екені туралы ақпарат сатып алушыға тауарды сатып алғанға дейін жеткілікті деңгейде түсінікті әрі қолжетімді түрде ұсынылмағаны анықталды. Сонымен қатар кондиционерді орнату жұмыстары әйнек пакетті шешпей және өнеркәсіптік альпинисті тартпай-ақ, басқа маманның көмегімен орындалған. Тұтынушының 70 мың теңге көлеміндегі шығыны тиісті дәлелдермен расталды», – деп хабарлады Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері.
Сот сатушының жарнамалық акция шарттарын орындаудан бас тартуын заңсыз деп таныды.
Нәтижесінде сатып алушының пайдасына 100 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарылды. Оның 70 мың теңгесі – кондиционер орнатуға кеткен шығынды өтеу, ал 30 мың теңгесі моральдық зиян үшін төленетін өтемақы.
