Павлодарда жаңа туған нәресте шетінеп кетті

Юлияның айтуынша ол тұңғыш сәбиін көрші елдің азаматы болғандықтан Омбы қаласында босанған. Кейін Павлодарға көшіп келгенімен, баланы емханаға есепке тұрғызуға үлгермепті. Жас ана нәрестеде жөтел пайда болғанын байқап, жеке емханаға жүгінген. Айтуынша дәрігер қарап шыққанымен ешқандай талдау тағайындамапты. Ал бір тәуліктен соң бөбектің жағдайы күрт нашарлаған.

 

«Таңғы сағат төртте оны емізіп жатқызғанымда барлығы жақсы болған. Ол сосын қатты жылай бастады. Ауыр тыныс алып жатқанын байқадым. Баланың жағдайы ойдағыдай емес екенін түсіндім», - дейді Юлия Кацубко.

 

Әйел жедел жәрдем шақырмастан бірден жақын маңдағы жеке клиникаға барған. Дәрігерлер бір сағат бойы баланы жан сақтау бөлімінде құтқаруға тырысқанымен еш нәтиже шықпапты. Оны аман сақтап қалу мүмкін болмады. Кейін екі жақты өкпе қабынуы деген диагноз қойған. Әйел жеке емхана дәрігерін кіналауда. Ал бүгін фармацевтикалық бақылау департаментінде тексеріс тағайындалғанын растады.

 

«2022 жылдың 3 тамызында біздің департаментке Павлодар қаласындағы клиникалардың бірідегі сапасыз медициналық көмекке шағыммен Кацубко Юлия деген азаматша жүгінді. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалды, жоспардан тыс тексеріс жүргізілуде» - деп хабарлады Павлодар облысы медициналық және фармацевтикалық бақылау Комитеті департаментінің бас маманы Мадина Карамурзинова.

 

Юлия Кацубко аталмыш дәрігердің жазаланғанын қалайды. Қазір тексеріс нәтижесін күтіп отыр.

 

Бибінұр Хамитқызы