Павлодарда жиһаз жасаумен айналысқан кәсіпкерге алаяқтық жасады деген айып тағылды
Тергеу мәліметінше, ол бір жылға жуық уақыт бойы тапсырыс қабылдап, клиенттерден алдын ала төлем алғанымен, уәде еткен жиһаздарын әзірлемеген. Жәбірленушілердің айтуынша сотқа адамдардың тек бір бөлігі ғана жүгінген. Қалғандары шығынды азаматтық тәртіппен өндіріп алуға тырысып жатыр.
Жәбірленушілердің барлығы – әйелдер. Олардың басынан өткен оқиға бір-бірінен аумайды. Жиһаз цехын Instagram желісінен тауып, шеберді үйіне шақырып, өлшем алдырып, тапсырыс құнының 70 пайызын алдын ала төлеген. Бірақ күткен жиһаздары сол күйі қолдарына тимеген.
-Кәсіпкер өте харизмасы бар, сенім ұялататын адам еді. Instagram парақшасында 16 мың жазылушы болғандықтан, ешкім күмәнданбады. Бәріміз онлайн тапсырыс беруге әбден үйреніп кеткенбіз ғой. Тапсырыс бересің де, күте бересің. Сол сеніміміздің салдарынан қырағылығымызды жоғалтып алған шығармыз, - деді жәбірленуші Елизавета Бородихина.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сол кезеңде кәсіпкер жаңа клиенттерден де ақша қабылдауын тоқтатпаған. Ал жиһазын күткен адамдар полиция мен прокуратураның табалдырығын тоздырып, кінәліні жауапқа тартуды талап еткен. Арада бірнеше ай өткен соң және біздің редакцияның хабарынан кейін іс алға жылжып, бүгінде сотта қарала бастады.
-Айыпталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы бойынша айып тағылды. Яғни, бөтен біреудің мүлкін алдау жолымен бірнеше рет иемденген деген күдікпен іс сотқа берілді, - деп мәлімдеді Павлодар қаласы прокуратурасының аға прокуроры Әлия Қаппаева.
Тергеу дерегіне сүйенсек, келтірілген жалпы шығын көлемі 12 миллион теңгеден асады. Қылмыстық істе 18 эпизод тіркелген. Осы уақыт ішінде көптеген жәбірленуші жиһазды басқа компанияларға жасатып алған. Енді олар сот арқылы жоғалтқан қаржысын қайтарып алуға дәмелі.
Бекбол Мырзахан
фото: magnific.com
