Павлодарда қант диабетіне шалдыққандар үшін жаңа орталық ашылды

Мұнда аяқтағы ұзақ уақыт жазылмайтын жараларды емдеп, қан айналымын жақсарту арқылы науқастарды аяқ-қолынан айырылу қаупінен қорғауға басымдық беріледі деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі. Сонымен қатар өңірде қант диабетіне шалдыққандар саны да артып келеді. Жыл сайын науқастар қатарына 1500-ден астам адам қосылады.



Павлодардағы №1 қалалық аурухананың базасында диабеттік табанды емдеуге арналған орталық жұмысын бастады. Мұнда қант диабетінің салдарынан пайда болған, ұзақ уақыт жазылмайтын жараларды емдеп, қан айналымын қалпына келтіруге басымдық беріледі. Негізгі мақсат – аурудың асқынуына жол бермей, науқастарды аяқ-қолынан айырылу қаупінен қорғау.

- Емдеу үдерісі эндокринологтың қабылдауынан және аяқ тамырларын ультрадыбыстық зерттеуден басталады. Қан айналымының бұзылғаны байқалса, пациенттер күндізгі стационарда ем ала алады. Бұл жерде қан тамырларын кеңейтіп, тіндердің қоректенуін жақсартуға арналған дәрілік препараттар қолданылады, - дейді Павлодар қаласы №1 ауруханасының басшысы

Сонымен қатар мамандар веналық жеткіліксіздік салдарынан пайда болған жараларды да емдейді. Бұл бағытта аурухана Ұлттық ғылыми орталықпен бірлесіп жұмыс істейді. Ынтымақтастық аясында жараның жазылуына ықпал ететін фибробласт жасушаларын қолдану әдісі енгізілген. Дәрігерлер диабеттік табанның алдын алу үшін аяқ терісін күн сайын тексеріп, жарақат, қызару немесе ісіну байқалған жағдайда дер кезінде маманға жүгінуге кеңес береді. Қандағы глюкоза деңгейін бақылау, медициналық тексеруден тұрақты өту және қан тамырларындағы өзгерістерді ерте анықтау аурудың ауыр асқынуларының алдын алуға көмектеседі.