• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодарда құрылыс қалдықтарын кәсіпорын аумағына төккен жүргізуші жазаланды

Павлодарда құрылыс қалдықтарын кәсіпорын аумағына төккен жүргізуші жазаланды

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тәртіп сақшылары жергілікті ЖШС-нің біріне қарасты «КамАЗ» бетон араластырғыштың жүргізушісі жұмысын аяқтаған соң, бетон қоспасының қалдығын заңсыз түрде өзге кәсіпорынның аумағына төгіп тастағаны анықталды.

 

— Полиция қызметкерлері жүргізушіні анықтап, абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, — деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.

 

Полиция департаментінің ресми мәліметінше, жыл басынан бері өңірде абаттандыру қағидаларын өрескел бұзғаны үшін 6 247 азамат жауапқа тартылған.

 

Тәртіп сақшылары кез келген құрылыс қоспалары мен қатты тұрмыстық қалдықтар тек арнайы белгіленген орындарға шығарылып, тиісті тәртіппен жойылуы шарт екенін ескертеді. Қоғамдық немесе өндірістік аумақтарды рұқсатсыз қоқыс орнына айналдыру қоршаған ортаға зиян келтіріп қана қоймай, қатаң әкімшілік жазаға әкеп соғады.