Павлодарда құтқарушылар көлікте қамалып қалған екі жасар баланы құтқарды
Павлодарда екі жасар бүлдіршін көлік ішінде байқаусызда құлыпталып қалып, есікті өздігінен аша алмаған. Ата-анасына құтқарушылардың көмегіне жүгінуге тура келді, деп хабарлайды irbistv.kz.
Оқыс оқиға туралы хабарлама 28 қазанда түскен. Жағдай қаладағы Амангелді көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісі маңында болған.
-Шақырту орнына жеткен құтқарушылар арнайы құралдың көмегімен көліктің есігін ашып, баланы ата-анасына аман-есен тапсырды. Бүлдіршінге медициналық көмек қажет болған жоқ, — деп хабарлады Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Фото: Павлодар облысы ТЖД
