Павлодарда үш баланың анасы 7 миллион теңгеге жуық алимент қарыз болған
Павлодарда үш кәмелетке толмаған бала анасынан бірнеше жыл бойы материалдық көмек алмаған. Осы уақыт ішінде әйелдің алимент бойынша берешегі 7 миллион теңгеге жуықтаған деп хабарлайды irbistv.kz.
Полицейлер балаларын асырауға арналған алиментті бірнеше жылдан бері төлемей жүрген әйелдің жүрген жерін анықтады. Соттың алимент өндіру туралы шешіміне қарамастан, ол өз міндетін орындамаған.Нәтижесінде алимент бойынша қарызы 6 миллион 936 мың теңгеге жеткен.
- Сот шешімін орындамағаны үшін әйелге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды. Сот шешімімен әйелге 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалып, алимент бойынша берешекті өтеу үшін үш ай мерзім берілді. Егер осы үш ай ішінде ол алимент төлеуден қайта жалтарса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, - деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінде.
