• Басты бет
  • Оқиғалар
  • Павлодарда әйелді өлтірген ер адамға 15 жылдан кейін сот үкімі шығарылды

Павлодарда әйелді өлтірген ер адамға 15 жылдан кейін сот үкімі шығарылды

 

Танысын жыныстық қатынасқа түсуден бас тартқаны үшін тұншықтырып өлтірген қылмыскер 18 жылға сотталды дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Тергеу нұсқасында 2009 жылдың жаз айында екі жігітпен бойжеткен су жағасында бірге демалғандығы көрсетілген. Қос азаматтың бірі қызбен жыныстық қатынасқа түскісі келген, бұл ретте, ол тұрмыста екендігін айтып бұл әрекетін доғаруды талап еткен. Ашуға булыққан ер адам қасақана қылмыс жасауға бел буған.

 

-Айыпталушы бойжеткенді жерге құлаты,п тізесімен иығын басып тұрып, мойнынан қылқындырған. Тұншыққан қыз сол жерде жан тәсілім еткен,-дейді Павлодар облыстық прокуратурасының прокуроры Бегалы Амет.

 

Ал қасындағы куәгер қаскөйге кедергі келтіруге тырысқанымен түк шықпаған. Жымысқы ойын жүзеге асырған ол мәйітті суға лақтырып, таспен басып тастаған. Кейін, қаладан қашып кеткен. Бұл уақытта, жәбірленушінің жолдасы полицияға жүгініп, іздеу жариялаған. Жоғалған қыздың мәйіті тек 1 жылдан кейін судан табылды, ал күдікті 15 жылдан кейін темір торға тоғытылды. Айыпталушы кінәсін толығымен жоққа шығарды.

 

- Мені ақтауларыңызды сұраймын, менің кінәм жоқ. Қылмысты басқа адам жасады. Басқа ештеңе айта алмаймын,-деп ақталды айыпталушы.

 

.Айта кетейін, 39 жастағы павлодарлық бұған дейін екі рет кісі өлтіргені үшін істі болған. Сол үшін түрмеде отырған. 2022 жылы мерзімінен бұрын босап шыққанымен аталған іске қатысты қайта қамауға алынған. Сот жасалған қылмысқа қатысты үкім шығарды.

 

-2018 жылғы 7 қарашадағы үкімді ескере отырып, жазаларды ішінара қосу арқылы қылмыстық кодекстің 58-бабының 3, 6-бөлімдерінің негізінде Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады,-деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Құдабай Сұлтанов.

 

Сонымен қатар, сот марқұмның күйеуіне 2 миллион тенге көлемінде моральдық шығын өтеуді міндеттеді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.