Павлодардағы түрмелердің бірінен 15 смартфон мен PlayStation табылған

 

Павлодар облысындағы Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде прокурорлар тексеріс жүргізді. Басты мақсат — тәртіптің сақталуын қадағалау және жазасын өтеушілерге тыйым салынған заттарды жеткізу арналарын әшкерелеу, деп хабарлайды irbistv.kz.

Тәркіленген бұйымдардың қатарында 15 смартфон, 6 Wi-Fi-роутер, сымды және сымсыз құлаққаптар, USB-сымдар, жад карталары, тіпті Sony PlayStation ойын приставкасы мен басқа да заңсыз заттар бар.

 

«Қазіргі уақытта тыйым салынған заттардың режимдік нысанға қалай өткені, оларды жеткізу жолдары мен бұған қатысы бар тұлғалар анықталуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды», — деп мәлімдеді Павлодар облыстық прокуратурасы.

 

Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 371-бабы («Салғырттық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.