Павлодарлық тұрғын терезеден қоқыс лақтырғаны үшін жазаланды
Катаев көшесіндегі үйдің 4-қабатынан қоқыс пакетін лақтырып жіберген көршісінің әрекеті туралы куәгер полицияға хабарлаған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ауланың айналасында шашылған қоқыстарды анықтады, - деп хабарлайды Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Пәтер иесі полицейлерге қоқыс балконнан байқаусызда құлап кеткенін айтып ақталыпты. Ол қоқысты жинауға ниетті болғанын, бірақ ұмытып кеткенін жеткізді.
Полицейлер профилактикалық әңгіме жүргізіп, әкімшілік материал толтырды. Егер жағдай қайталанса, пәтер иесіне 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.
Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша, жыл басынан Павлодар облысында 5 мыңнан астам адам абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылған.