Полиция бөлімін талқандаған павлодарлық 5 тәулікке қамалды

Оқиға таңғы сағат 05:00 шамасында болған. Лермонтов көшесі, 51 мекенжайында орналасқан Солтүстік полиция бөлімінің бақылау-өткізу пунктінде болған азамат мүлікті қасақана зақымдаған.

— Атап айтқанда: жұмыс үстелі, QMAX мониторы, Delux процессоры, ұсталғандардың жеке заттарын сақтау шкафы, дабыл түймесі, өткізуді бақылау жүйесінің автономды контроллері, қорек блогы бүлініп, сымдар үзілген. Осылайша 200 000 теңге сомасында материалдық залал келтіріліп, ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылық жасалған, — деп хабарлады Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан.

Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, өкініш білдірді және шығынды өтейтінін мәлімдеді. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Қаулы заңды күшіне енді.