Рейд: Полиция жаяу жүріп жол ережесін бұзғандарға айыппұл салды

Жол патрульдік полиция инспекторлары таңертеңнен бастап қозғалысы көп қиылыстардың жанын торуылдап, тұрғындарға жол қозғалысы ережелері туралы айтуда. Диспетчер ауданындағы мына жол бойында үш жүргіншілер жолағы орналасса да, көлік ағылған жолмен жүгіріп өтуге кәрі де жас та қорықпайды.

 

-Жыл басынан бері 615-баптың 1-бөлімі бойынша 492 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталмыш бап 2 АЕК көлеміндегі айыппұлды қарастырады. Егер жеті күн ішінде төлесе 50 пайыз жеңілдік жасалады, яғни 1 АЕК ғана төлейді,-деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны инспекторы Қоңыр Әділжан.

 

Тәртіп сақшыларының айтуынша 2023 жылдың басынан 500-ге жуық жаяу жүргінші әкімшілік кодекстің 615 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың барлығына 2 АЕК айыппұл салынған. Ал жолдың рұқсат етілмеген тұсынан өткен балалармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.