Санавиация Екібастұздан Павлодарға жаңа туған сәбиді шұғыл жеткізді
ҚР ТЖМ санитарлық авиациясы Екібастұздан Павлодарға шұғыл рейс орындады. Тікұшақ бортында жаңа туған сәби болған. Ол әрі қарай ем қабылдау үшін облыстық перинаталдық орталыққа жеткізілді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Ұшу кезінде баланың жағдайын санитарлық авиация дәрігерлері бақылап, қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетті. Павлодарға келгеннен кейін сәби облыстық перинаталдық орталық дәрігерлеріне тапсырылды.
-Сәби жүктіліктің 30-аптасында дүниеге келген. Перинаталдық көмекті өңірлендіру қағидаларына сәйкес, оны әрі қарай емдеп, күту үшін медициналық авиациямен облыстық перинаталдық орталыққа ауыстырған. Баланы тасымалдау кезінде жағдайы тұрақты ауыр болған,-деп мәлімдеді Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасында.
